Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектебінің тарихы.

«Қашаған Күржіманұлы атындағы орта мектеп» КММ тарихы.

 

   Сенек ауылындағы мектеп тарихын екі кезеңге бөліп қарастырған жөн секілді. Ол тәуелсіздікке дейінгі мектеп тарихы және мектеп атауы ауысып тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі тарих. Өлкетанушы Сисен Демеубай Атырау мемлекеттік мұрағатынан 1928 жылғы округтік атқару комитетінің мәслихатының шешімімен танысқан. Осы мәслихатта атком төрағасының орынбасары О.Дауыловтың қатынасқанын және сол мәслихатта Сенек мектебінің мамандарына үй салдыру мақсатына 40 мың сом көлемінде қаражат бөлдіртуге шешім қабылдатқаны жөнінде дерек бар.  Ауылымыздың тұрғыны Әлқуат Дауылбаев 1939 жылы қазіргі Қызылсай елді мекенінің орналасқан жеріне ата-анасымен бірге көшіп келгенде Сенекте мектептің бар екенін растайды. Алайда бұл аймақтағы мектептің тарихы туралы әлі күнге дейін бейхабармыз. Тек 40 жылдардың ортасынан бермен қарайғы жерде мұндағы оқу ағарту саласынан там- тұмдап болсада ақпар алуға болады. 1939 жылы үкімет шешімі бойынша Маңғыстау ауданынан Форт-Шевченко ауданы бөлініп шыққанда Сенек ауылы алыс мал жайылымы учаскесінің орталығы болып белгіленген. Мұнда дәрігерлік пункт, дүкен, қызыл отау, мамандар үшін 4-5 үй, байланыс бөлімшесі, бастауыш мектеп үйі болған. Оқу ағарту ісін соны сүрлеуге салып дамыту ісі соғыстан кейінгі жылдарда қолға алынған 

1943 жылы соғыстан елге жараланып оралған Ақбердиев Жұматай 1947-48 оқу жылында бастауыш мектептің негізін қайта қалыптастырып 1 сыныпқа оқушылар қабылдаған. Олардың араларында Ниетбаев Жұмағұл, Тұрсыналиев Жұмалы, Дауылбаева Күләш, Шәріпова Боранша, Шәріпова Орынша, ардагер ұстаз Бегенішев Бесімбай және журналист Айдаров Асылбектей аға-апаларымыз болған.

 1950 жылдардан бастап мектеп директоры қызметін  Рысбаев Әбдікерім атқарса , 1954 жылдан бастап Ділжанов Нұржігіт директорлық қызмет атқарып мектеп 7  жылдыққа айналған. Ал жоғары сынып оқушылары Форт Шевченко қаласындағы С.Киров атындағы орта мектептен орта білім алып отырған.

 1957-1960 жылдары мектеп директоры Шақшабасов Жолбай ағай болды 

1960-1962 жылдары мектеп басшысы қызметін Кемалиев Нұрберген атқарған 

1962-1963 оқу жылында мектеп директорының міндетін атқарушы  Құрманбаев Ізберген ағай болса. 1963 жылдан 1989 жылға дейінгі аралықта үздіксіз мектеп директоры қызметін Әбішев Сырым Әбішұлы атқарды. 1959 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесі «Мектептің өмірімен байланысын нығайту және Қазақ КСР-інде халыққа білім беру жүйесін одан әрі дамыту туралы» заң қабылдады. Жаңа заң бойынша 1962-1963 оқу жылынан бастап жалпыға бірдей міндетті сегіз жылдық білім беруге көшірілді. 1970 жылы жалпыға бірдей міндетті орта білім беруге көшу науқаны өріс алып, мектеп 1970 жылы 10 жылдыққа айналып 17 түлектен тұратын алғашқы шәкірттерін ұшырды. 1973 жылы Сенекте облыс көлемінде тұңғыш рет типтік жобадағы мектеп үйі пайдалануға берілді. 1978 жылы оқу ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің игері Ф.Ә.Садырова Мәскеуде өткен Бүкілодақтық ІV мұғалімдер съездіне және 1986 жылы Қазақ ССР мұғалімдерінің ХІІІ съездіне делегат болып қатынасты.1984 жылы жаңа жобадағы интернат үйіне қол жеткізілді. Мектеп жанындағы интернат меңгерушісі қызметін әр жылдары Бердиев Қанатбай, Қалиев Елеусіз, Нұрғараев Бақытжан, Сағынбаев Исахан, Дүйжанов Қыдыр, Жұбанова Зоя, Бегенішев Бесімбай, Бегенішев Нұрболсын, Демеубаев Сисен, Ізтұрғанов Жәнібек атқарды. Мұғалімдердің кәсіби шеберлігі артып, кабинеттік жүйеге көшті. Мектеп жаңа педагог кадрлармен толықты. Атап айтар болсақ Асанов Әділхан, Рысбаев Әбдікерім,Әлиев Амантай, Сағынбаев Исахан, Өткілбаев Исамадин, Нұров Саламат, Көбегенов Арқарбай, Тілеубаева Қаламқас, Райысова Шолпан, Нұрғараев Бақытжан, Нысанова Зейнехан, Себепбаева Бақтылы, Бердиев Қанатбай, Дүйжанов Қыдыр, Жұбанова Зоя, Бегенішев Бесімбай, Бегенішев Нұрболсын, Демеубаев Сисен, Садырова Файза, Серғазиева Сайлаубике, Нұрғазина Зайра, Шалқарбаева Болдыхан, Нұршина Бибігүл, Кемелбаева Сәрсенбибі, Асанова Зоя,Шалқарбаева Алтынгүл, Керекбаева Жұмагүл,Есов Нұржан, Әбішев Мұса және тағы да басқалар.

Мектеп оқушылары да жетістіктерден көріне білді. Мектепте өте жақсы оқығаны үшін 1981 жылы Еңсегенова Балжан, 1982 жылы Құдасбаева Гүлзия Қырым түбегіндегі бүкілкеңестік үздік оқушыларға арналған «Артек» лагерінде демалса, Жарылғасова Құралай 1989 жылы Владивосток қаласында орналасқан «Океан» лагеріне жолдама алды.  1989 жылы Сүйеуова Гүлзия Әбуғалиқызы Сенек мектебінде тұңғыш болып өте жақсы оқығаны үшін «Күміс медальмен» марапатталды. 

1989 жылдан 2006 жылға аралығында мектепті осы мектептің түлегі Еркеғұлов Бауыржан басқарды.  1990 жылы 15 қарашада Халық депутаттары Ералиев аудандық советі атқару комитетінің №892 шешімімен Сенек орта мектебіне қазақтың суырып салма ақыны Қ.Күржіманұлының есімі берілді. 2004 жылы Астанада өткен Тәуелсіз Қазақстанның І мұғалімдер съезіне математика пәні мұғалімі Ж.Ж.Керекбаева делегат болып қатынасты. 

2004-2006 жылдар аралығында мектеп басшылығы қызметін Жұмабаев Нұрлан атқарды. 

 2006 жылдан бастап мектеп басшысы Бегенішев Нұрболсын Бесімбайұлы. 2010-2011 оқу жылында Қашаған орта мектебіне бірінші болып Сырымов Райымбек «Алтын белгі» иегері болса,  2011-2012 оқу жылында Жақсыбаева Ақұлпада «Алтын белгі» алды. 2017-2018 оқу жылында Нысан Қалыбек «Алтын белгі» иегері атанса, Қалпақ Диана мектеп тарихына алғашқы болып «Үздік аттестатқа» қол жеткізді.

  Жетістікке жеткен оқушыларымыз арасында Мұрат Сұңғат «Атамекен» слетінен республикалық сайыстан І орын, Амангелді Әсет «Мағжан оқуларынан» республикадан ІІ орын, Бекмырза Абылайхан «Балдаурен» сауықтыру лагерінде ұйымдастырылған республикалық жас спортшылар сайысынан І орын алса, мектеп мұғалімі С.Демеубай «Жалындап өткен жас ғұмыр», Б.Бегенішев «Сәйгүліктер мекені», «Адай жылқысын түлеткендер» атты кітаптарын шығарып үлгерді.

Соңғы жаңалықтар

Қашаған атындағы орта мектебінде 06.05 2019ж күні "Желбіре Жеңістің жалауы" атты мерекелік жиын өтті

Қашаған атындағы  орта мектебінде 06.05 2019ж  күні  "Желбіре Жеңістің жалауы" атты  мерекелік жиын өт ...

06 мамыр 2019
Юниор олимпиадасы. Шәкірт жеңісі ұстаз мерейі.

10 сәуір күні  7-8 сыныптар аралығында жаратылыстану бағытында аудандық юниор олимпиадасы болып өтт ...

12 сәуір 2019
"Толағай" отбасылық сайысы

Қашаған мектебінде 1 - ақпан күні  4 сынып арасында "Толағай"  отбасылық сайысы болып өтті. Сайыс  өт ...

06 ақпан 2019